Меню KDT

 
Жұмабек Ақерке Рашатқызы

Менің анам – мұғалім!

 

                             «... Құшағыңа алдың, сүйдің сен, анам,

                             Ренжу жоқ, барлық сөзің: «Жан балам!»

                             Ыстық, суық, желмен-күнге тигізбей,

                             Асырап, сақтап, болдың анам баспанам....»

Мағжан Жұмабаев

        

Ана... Бұл өмірде осы бір үш қана әріптен тұратын қымбатты сөз әлемнің әр түкпірінде күніне бірнеше қайталанатыны сөзсіз. Осы сөзде қаншама мағына мен мән, түсіністік пен сүйіспеншілік жатыр.  Бізді мына жарық дүниеге әкеліп, бағып-қағып, мәңгілік жүрек түкпірінен орын бере алатын да дүниедегі жалғыз адам ол - біздің анамыз. Себебі ана махаббатын еш теңдесі жоқ асыл деп айтуға болады. Ана махаббатына бөленген адам мейірімді, қайырымды болады. Сондықтан да анаға сый-құрмет көрсету керек. Адамның жақсы қасиеттері де ана арқылы бойға тарайды. Ана – әрбір адам баласы үшін қастерлі ұғым.

         «Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаңда қарызыңнан құтыла алмайсың» дегендей бұл әлемде анаға қандай құрмет, сый көрсетсек де артық етпейді.

Ана – ол өз баласы үшін суға да, отқа да түсуге дайын, соңғы демі шыққанша бар күш жігерін сарқа жұмсайтын абзал адам. 

Осы абзал адам туралы әлемде қалам тербетпеген жан жоқ шығар. Тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде мен үшін дүниенің бар асылын сыйлай білетін, дамылсыз тыным таппай жүретін анам туралы ой толқытсам сөзім жетер ме екен.  

            Менің анам білім нәрімен талай ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздық қызметтің кемесінде жүрген, мен үшін ана болып қала беретін қымбат жан. Мектепте сан мыңдаған баланың анасы болса, үйде екі баланың анасы. Анамыз біздің үлгілі, тәрбиелі, өнегелі болып өсуіміз үшін, барын салып келеді.

        Менің анашым мектепте мұғалім болып химия-биология пәнінен сабақ береді және мектеп директорының оқу ісі бойынша орынбасары қызметін атқарады.  Жұмысы қиын да қызықты. Қиыны ол үнемі өз ісіне жауапты болуы керек, себебі анам болашақ елдің ертеңін оқытып, тәрбиелеуде. Ол әрине үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қызығы дегенім менің анамның алдынан сан мыңдаған шәкірттің бестік баға алып, бақыттың тәтті дәмін сезінуі.

       Тіршілік иесіне нұрын шашқан, көктем табиғатындай мейірімі жылы, шаңырағымыздың берекесі ол біздің – анамыз. Үйде анам екеуіміз түрлі тақырыпта әңгімелесеміз. Мен қандай сұрақтар қойсам да, анам жалықпай жауап береді. Әсіресе мен кішкентай кезімдегі қылықтарымды еске түсіргенді ұнатамын. Анам мені еркелетіп, құшағына алып, маңдайымнан иіскеп тұрады. Оңаша қалғанда ағамның балалық шақтары жайлы сұрай беремін, ол жауап беруден жалықпайды.

           Ал мектепке келгенде бізді, екінші анамыз-ұстазымыз Алия Амиржанқызы қарсы алады. Анам жылы қабағымен қарсы ала отырып, бірден қатаң бақылауға алады. Себебі білімнің қайнар бұлағынан сусындау үшін ел баласы мұғалім алдына келеді. Егерде барлығына бірдей көңіл бөліп, талап қоймаса үйдегі еркелікті білім жолы көтермейді. Анамның сабақ беріп жатқан сәтін көз алдыма елестетсем, барша әлемге жар салып «бұл менің Анам» деп айқайлағым келеді. Кеудем толы мақтанышпен, шаттанғым келеді.

Менің ұстаз-Анам өте мейірімді, жанашыр, ақылды адам. Менің көңіл-күйімді қас-қабағымнан тани алады. Жақсы қылықтарыма сәбише шаттанып, шынайы сезімін көз жанарымен ұқтырады. Түн ұйқысын төрт бөліп, оянатын анамның сенімін ақтау үшін, мен жақсы оқып, үлгілі тәртібіммен, спорттағы, өнердегі жетістіктеріммен әрқашан қуанта беремін. Мен анамды сыйлатынымды, жанымнан артық жақсы көретінімді қалайда жақсы істеріммен білдіргенім жөн деп санаймын. Анамды қалай жақсы көретінімді жазып жеткізе алмаспын, бірақта сәби жүрегім анамның ақ сүтін қалай ақтармын деп тулайды. Ағам екеуімізді ақ сүтімен асырап, бағып-қаққан менің асыл анашым! Ана деген баласы үшін ең ыстық, ең асыл жан. Әрбір ана сәбиінің дені сау болып, жақсы азамат болып өскенін қалайды. Ана шынында да өмір гүлі, күннің нұры екен.

Мен анамды қатты жақсы көремін. Шуақты көктемнің алғашқы мерекелерінің бірі халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, ыстық ықылыспен жұмысында жеңіс, өмірде бақыт, әрдайым біздің жанымызда құлпырып, жайнап жүре берсін деп тілеймін.

Мектептің жүрегі, шаңырақтың ұйытқысы бола білетін анашым, денің сау болып, мерекең құтты болсын!

 

Жұмабек Ақерке Рашатқызы

 «Май орта мектебі» КММ

10 сынып

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мектеп директоры: Даукенов Раимбек Талгатбекович

Опрос

Статистика

  • Осы айда16
  • Осы аптада9
  • Кеше2
  • Бүгін1
  • Желіде:0

Полезные ссылки